Жеңіс Қасымбек: "Облыста денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жалғасуда"

Қарағанды облысында денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бағытындағы жұмыстар жалғасын тапты. Тек, қалалық жерлерде ғана емес, ауылдардағы медициналық қызмет саласына да баса мән беріліп, жаңа орталықтар ашылуда. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды, деп хабарлайды Saryarqanews.kz тілшісі.

 "Қарағандыда қаңтар айының соңына дейін Облыстық клиникалық аурухананың перзентханасын қайта құру аяқталады. Онда жедел гинекологияның амбулаториялық орталығы орналасады. Ал Жезқазғанда наурыз айының соңында көпбейінді аурухананың жанынан перзентхана бөлімшесі ашылады. Сондай-ақ, қалада екі қабатты ғимаратты жөндеу жұмыстары жүргізілуде, онда Облыстық онкодиспансердің филиалы орналасады", - дейді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, алдағы уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында облыста тағы 5 емхана ашу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін 2 миллиард теңге шамасында жеке инвестиция тартылған екен. Жаңа емханалар Узенка кентінде, Қарағанды қаласының Құрылысшылар даңғылының бойында, Теміртау қаласында Металлургтер даңғылында және Б.Момышұлы даңғылында, Балқаш қаласында ашылмақ. 

Сондай-ақ, биыл шілде айында  Облыстық балалар ауруханасының құрылысы толық аяқталып,  Онкологиялық диспансерді жаңғырту жұмыстары жалғасын табады. Қазір диспансер аумағында заманауи жабдықтармен жарақтандырылатын ауданы 4,5 мың м² операциялық-реанимациялық блок салынып жатыр. Сондай-ақ, МЖӘ аясында онкодиспансерде позитрондық-эмиссиялық томография бөлімшесі ашылып, сәулелік терапия кезінде қолданылатын жаңа желілік үдеткіш орнатылады. Және № 1 қалалық ауруханада жаңа заманауи қабылдау бөлімі ашылады.

Аймақ басшысының мәлімдеуінше, медициналық қызмет саласын жаңғырту жұмыстары ауылдарды да аттап өтпейді екен.

"Ауылдарда да медицина саласына көңіл бөлінуде. 2022 жылдың қыркүйегінде Абай ауданының Юбилейное, Шет ауданының Төменгі Қайрақты, Бидайық ауылдарында және Жаңаарқа ауданының Жаңаарқа кентінде төрт фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) ашылады.

МЖӘ аясында Қарағанды мен Жезқазғанда сәулелі диагностиканың екі орталығын, сондай – ақ Мақажанов клиникасында нефрологиялық орталықты ашу жоспарлануда", - дейді Жеңіс Қасымбек.

Ақ халатты абзал жандардың әлеуметтік мәселелері де назардан тыс қалмайды. Былтыр аймақта жас дәрігерлерге 199 пәтер берілген. Келешекте Жезқазған қаласында 28 пәтерлік үй салу және облыстық балалар ауруханасының бұрынғы стационарының ғимаратын қайта жаңарту арқылы 100 пәтерді пайдалануға беру  көзделуде. Осындай игі бастамалардың нәтижесінде, өткен жылы облысқа 400 жас маман жұмысқа келген. Олардың ішінде 189 маман резидентураны тәмамдаған екен. 

"Алдымызға қойылған міндеттердің сапалы және белгіленген мерзімде орындалуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз", - дейді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.