Жеңіс Қасымбек: "Кеншілер талаптары бойынша ортақ келісім жасалды"

«Абай» шахтасындағы қайғылы оқиғадан соң кеншілер қауымы «АрселлорМиттал Теміртау» компаниясына бірқатар талап қойған болатын. Осыған байланысты, Келісім комиссиясы құрылып, талаптар қарастырылды. Оның қорытындысы туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтып берді, деп хабарлайды Saryarqanews.kz тілшісі.

  • Бүгінгі күні отбасылардың барлығына қажетті психологиялық және басқа да көмек көрсетілуде. Қазіргі таңда апаттың себептерін Үкімет комиссиясы тексеріп жатыр. Он бірінші қарашада Көмір департаментінің еңбек ұжымдары, кеншілер 12 талап қойған болатын. Әкімдіктің бастамасы бойынша, кеншілердің ұсынған барлық талаптарын шешу бойынша үш тарапты комиссия құрылды. Оның құрамына барлық 8 шахтаның, «Қорғау» және «Жақтау» кәсіподақтарының өкілдері, «Өркен атасу» мен «АрселорМиттал Теміртаудың» және жергілікті атқарушы органдардың басшылары кірді, - деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.

Аймақ басшысының айтуынша, кеншілер еңбек жағдайын жақсарту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттардың болу себептерін жою, техникаларды жаңарту, штаттық кестені қайта қарап, мамандар тапшылығын азайту, айлық жалақы мөлшерін арттыру және қосымша әлеуметтік төлемдерді төлеу, зейнетақы жасын төмендетуге қатысты талаптар қойған.

  • Еңбек ұжымдары ұсынған талаптардың барлығы қарастырылып, ортақ келісімдер жасалды. Кеше және арғы күні мен үш жақты комиссия отырысы аяқталған соң Келісім комиссиясы мүшелерімен бірге барлық 8 шахтаның еңбек ұжымдарын аралап шықтым. Кеншілермен кездесіп, комиссия шешімімен таныстырдық және түсіндірдік. Қосымша сұрақтар туындап, сол жерде шешімдері табылды. Сұрақтардың барлығы назардан тыс қалмады және кеншілер берілген жауаптарға қанағаттанды, - дейді аймақ басшысы.

 

Компания қандай міндеттемелерді алды:

- жыл сайын 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейінің 100% көлемінде жалақыны индекстеуді жүзеге асырсын;

- өндірістік-экономикалық көрсеткіштер жоспарының орындалуына қарамастан ағымдағы жылдың желтоқсан айында 13-ші еңбекақы төлеуге;

- желтоқсанда жалақыны 15–17 пайызға көтеру;

- кадр тапшылығын жою, ол үшін желтоқсан айының соңына дейін нормативті сандық және штаттық кестені әзірлеп, ай сайын олар толық қамтылғанға дейін кемінде 100 адамды жұмыспен қамту;

- жұмыс автобустарын жаңарту;

- 2018 жылдың 1 қаңтарынан кейін жұмысқа орналасқан қызметкерлердің демалыс күндерінің санын көбейтуге;

- ұзақ уақыт ауырған адамдардың еңбекке жарамсыздық парағындағы төлемдерді 50 АЕК-ке дейін арттыру;

- шахталарда техникалық аудит жүргізу және ескірген жабдықты пайдаланудан шығару;

- тау-кен-геологиялық жағдайларға байланысты жоспарлау тапсырмаларын түзету.