Алдында лобстер жайында қызықты деректер айтқан болатынбыз. Бүгін олардың миы туралы тағы бір қызықты ақпаратпен бөліспекпіз. Жер бетіндегі барлық жаратылыс секілді лобстерлер де жеке шекара үшін, жұбы үшін бір - бірімен күреске түседі. Олар өсе келе қорғаныш болатын сауыттары түсіп қалатындықтан басқа жыртқыштардан қорғану үшін тастың астына, не қорғаныш болатын сауыттар іздей бастайды. Осылай өз «үйлері» мен шекараларын іздеу барысында лобстерлер бір - бірімен кездесіп қалса, жанжал басталады. Лобстердің көзінің алдында қарсыласына сұйықтық химия шашатын канал бар. Ол сұйықтық оның жынысы, көлемі, денсаулық жағдайы мен көңіл-күйі туралы ақпарат береді.
Жіберген химиялық сұйықтық арқылы бір - бірімен көлемдері, жағдайлары ұқсас екендігін білген жағдайда олар келесі кезеңге өтеді. Яғни, «тең-теңімен» принціпі. Егер қарсыласы өзінен зор болса, жылыстап жылжып жоқ болады. Ал «тепсініп келгенде» тең дәрежелі болса қысқыштары арқылы «қылыштасады». Олар бір-бірін шалқасынан “таза түсіруге” тырысады. Тіпті біреуі өлуі мүмкін. Жеңіліске ұшыраған лобстер қанша жақсы күрессе де кейін басқа біреумен, осыған дейін жеңіп келген қарсыластарымен де күресуге ниеті болмайды. Ол көп уақытқа дейін не өмір бойы өзіне деген сенімділікті жоғалтады. Кейде жеңіліс одан да ауыр жағдайға алып келеді. Жеңіліп қалған лобстердің миы еріп кетіп, оның орнына төменгі сатыға бейімделген, бағынышты жаңа ми пайда болады. Бұрынғы ми басқа сатыда өмір сүруді қабылдай алмайтындықтан, өз-өзін жойып, басқа ми өсіруден басқа амалы қалмайды.
Жеңіліп қалған лобстердің миы мен жеңіске жеткен лобстердің миларында химиялық өзгешелік болады. Тіпті жүріс - тұрыстары да өзгеріп шыға келеді. Олардың өз - өздеріне сенімділіктерін нейрондар арасындағы байланысты басқаратын екі химиялық зат - серотонин мен октопамин анықтайды. Жеңіске жеткенінде серотонин, ал жеңіліске ұшырағанында октопамин басымырақ болады. Серотонин иілгіштік қасиет береді де, соның арқасында лобстердің аяқтары мен қысқыштары ұзарып, әлдеқайда үлкен, қауіпті көрінеді. Жеңіске жеткен лобстерге ең жақсы жер, ең жақсы тағам тиесілі. Егер жеңіліп қалған лобстерге серотонин берсе, ол бойын түзеп, бұрынғыдан да ұзағырақ әрі қатыгездікпен төбелесетін болады.
“Жеңімпаздар үшін ең жақсысы” деген заңдылық адамдар арасында да жүреді. Жетістікке жеткен адамдар өз - өздеріне сенімді, жүріс - тұрыстары, аурасы мен энергетикасы бөлек болады. Ең жақсы мекенге, ең жақсы тағамға, ең жақсы тұрмыс пен сапалы өмірге ие.
«Лобстер эффектісі», яғни адам жеңіліске ұшырағанда бірден салы суға кетіп, өзіне сенімділіктен айырылып қалуы мүмкін. Сондықтан, жіберген қателіктер мен жеңілістерге сабақ, тәжірибе ретінде қарау әлдеқайда дұрыс шешім. Адам тәжірибе жинау арқылы шыңдала түспек. Жіберген қателіктің, жеңілістің сабақ, тәжірибе екендігіне қазір көптеген жетістіктерге жеткен тұлғаларға қарап-ақ байқауымызға болады.
Ақерке Аянқызы