Кеше әлеуметтік желілерде ЛГБТ белсендісі Юрий Толочконың Қарағанды облысы, Осакаров ауданына қарасты Батпақты ауылының әкімдігіне кандидатурасын ұсынғаны туралы ақпарат тарады. Белсенді өзінің «Инстаграм» парақшасында үгіт-насихат жұмыстарын бастаған, - деп хабарлайды Saryarqanews.kz.
Бұған дейін Юрий Толочко біржыныстылардың құқығын қорғауға қатысты түрлі мәлімдемелер мен акциялар ұйымдастырып танылған болатын. Бұл жолы жалаңаш тәніне қазақтың ұлттық киімдерін киіп, қанатты сөздер жазып шулатты.
Оның агитациялық плакаттарында: "Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң", "Мен ертеңгі күннен жақсылық күтпеймін, оданда бүгін қарекет қыламын", "Жұмыс істейтін кез келді" және басқа да ұрандар жазылған.
Әп сәтте қоғамның қызу талқысына түскен азаматтың әрекетін қолдап, оған дауыс беруге әзір екенін айтқандар да болды. Әйтсе де, оның бұл әрекеті өзіне назар аударудың кезекті амалы ғана болып шықты. Өйткені, ол ауыл әкімдігіне кандидатурасын ресми тіркемеген. Бұл туралы Осакаров аудандық Сайлау комиссиясының төрағасы Дана Молдағалиева хабарлады.
- Осакаров ауданында 8 ауылдық округтің әкімдері сайланады. Қазіргі таңда 26 үміткер ресми тіркелген. Олардың арасында Юрий Толочко есімді адам жоқ. Сондай-ақ, ол қандай да бір үміткердің сенімді өкілі ретінде де тіркеуге тұрған жоқ. Сондықтан, оның үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуі – заңсыз, - дейді Дана Молдағалиева.