"Қиналмай өлгім келеді..." немесе эвтаназияға рұқсат беру керек пе?

Өмір бар жерде өлім бар. Өмірге келу баршаға бірдей болғанмен, өмірден озу әркімде әрқалай. Таланына байланысты. Бұны қазақ пешене дейді. Жеңіл қаза, ауыр қаза деп жатады. Кейі тезірек өмірден көшуін асыға күтсе, кейі өлімнен қорқады, жан алқымда тұрса да өмір сүргісі келеді Әркімнің басында болмай қоймайтын дүние. Бірінсіз бірі жоқ, бір заттың екі жағындай. Қазір мені алаңдататып отырған осы мәселе. Сіз ойлағандай емес бірақ. Әлі де медицинаның емдеуге шамасы келмейтін аурулардың болуы.

Эвтаназия деген құбылыс бар. Қысқаша айтқанда «қиналмай өлу» дегенді білдіреді. Яғни, емдеуге келмейтін және адамның жанын қинайтын ауру кезінде адамның өлімін дәрігерлік жолмен жеңілдету. Бұның құқықтан бөлек діни, философиялық, этикалық, биологиялық, психологиялық, медициналық, т.б. мәні тереңге әкететін астары көп. АҚШ­тың Мичиган штатындағы «өлім дәрігері» («доктор смерть») аталған Джек Кеворкянның бүкіл дүниені шулатқаны естеріңізде болар. Ол науқас адамдарға өзін­-өзі өлтіруге мүмкіндік беретін түрлі аппараттар ойлап тауып, қолданып та үлгерген. Сонысы үшін жазасын тартты да.

Соңғы кезде эвтаназия туралы түсінік өзгеруде, өйткені ол тек «жеңіл өлім» ретінде ғана емес, «қолжетімді тез өлім» ретінде де қарастырыла басталды. Ғалымдар оны актив және пассив түрлерге бөледі. Егер активті эвтаназия өлімді тездетін дәрі­дәрмек не басқа да құралдар қолдану арқылы жасалса, пассивті эвтаназия ­ ауру адамды ажалдан аман алып қалу үшін күрестен бас тарту арқылы жүзеге асырылады.

Эвтаназияға рұқсат етілген елдер қатарына (Австралия, АҚШ (Оригон штаты), Бельгия, Қытай, Нидерланд, Швейцария, Швеция, Финляндия) жатады. Бұл елдерде пассивті эвтаназияға ғана жол берілген. Активті эвтаназия бірде­бір елде рұқсат етілмеген және олардың көпшілігінде қылмыс түрі ретінде қудаланады. Эвтаназияны жақтаушылар да жоқ емес.

Уәждері мынаған саяды: 1) өмірін үзу құқығы; 2) заң бойынша ауру адам емделуден бас тартуға құқылы; 3) емі жоқ аурумен ауыратын және жаны қиналған адам әрқашан жеңіл өлімді таңдайтыны; 4) эвтаназияға тыйым салу ­ ауыр халіне байланысты өзін­өзі өлтіре алмайтын ауру адамдардың құқын шектеу, т.б.

Эвтаназия екі мәселені қозғап өтеді: адамның өмір мен өлім арасында таңдау жасау құқы (және ешкім де ешқашан адамды бұл құқығынан айырған емес) және дәрігердің көмегі арқылы өлуді таңдаған адамның құқы. Менің сөзімнің ләмі екіншісіне қатысты болып отыр.

Заңгерлер эвтаназияны өлім хәліндегі адамның жан мен тән азабын тоқтату мақсатында жасалған өтініші бойынша құқық және мораль қағидатымен реттелетін медициналық қызметкердің әрекеті не әрекетсізідігі, соңы ауру адамның өліміне алып келетін құқықтық құбылыс ретінде қарастырады.

2020 жылғы 7 шiлдедегi № 360 «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 154-бабы бойынша «Қазақстан Республикасында эвтаназияны жүзеге асыруға тыйым салынады».

Сол сияқты қылмыстық кодексте (ҚК) эвтаназияны жүзеге асырған үшін қылмыстық жауапкершілік тіптен көзделмеген. Ләкім мұндай әрекет жасалған болса, оны «Адам өлтiру - ҚК­нің 99-бабының 1-тармағы «Адам өлтiру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату», және 3-бөліктің 3-тармақшасы: «кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды, сол сияқты адамды ұрлаумен не кепілге алумен ұштасқан»; 12-тармақшасы: «жәбiрленушiнiң ағзаларын немесе тіндерiн пайдалану мақсатымен жасалған» адам өлтіру. Қалайда өлген адамның дәрменсіз болу жағдайлары оның қарсылық көрсете алмауымен байланыстырылады, ал эвтаназия жағдайы бұған керісінше. Бұл жерде қазаның орын алуы ­ науқас адамның өзінің тілегіне байланысты. Яғни, эвтаназия жағдайы ­ түбегейлі басқа жағдай. Өкінішке орай қылмыс туралы заңнамада эвтаназия, оның жеңіл не ауыр дәрежеде жасалуы қарастырылмаған. Жаны қатты қиналып, азаптанып жатқан адамға оның қайталанып отырған өтінішін қанағаттандыру ниетінде жанашырлықпен жасалған эвтаназия үшін де, науқас адамды дәрігердің өз ниетімен өлтірмек болу мақсатымен жасалған эвтаназия үшін де жауапкершілік жоқ.

Эвтаназия мәселесі төңірегіндегі пікірталастар жосыны әлі алда. Өлім де, өмір де - табиғат заңы. Адам өмірінің соңғы межесі. Өлімге бой ұсынған адамның өмірін әрі қарай ұзартудың өзі қылмыс. Адам құқын шектеу. Бұл өлім алдындағы адамға да, оның отбасына да қайғыдан басқа ештеңе әкелмейді. Денсаулығы күрт нашарлаған қарт кісілер немесе өмірден үміті үзіліп көп ауырған адамдар көбіне ауруханаға қарағанда үйде болуды қалайды. Дәрігер де солай түсінеді. Дәрігерлердің осы әрекетін түсіне алмай далмыз, бар күнәні соларға артып, әрі-сәрі күйге түсеміз.

Біздің көтеріп отырған мәселеміз - адамның өлуге ерік беру құқығы. Атаукере алдындағы өзін-өзі өлтіруге құқығының болу-болмау мәселесі. Мұндағы әлеуметтік тыйым тек қана діни­мораль тұрғысынан ғана емес, құқықтық сипатқа да ие болу шарт. Ол үшін суицидтік – өзін өзі өлтірудегі сәттің біртұтас бағдарламасын даярлау ләзім болмақ.

Діни ұстанымға сәйкес адамның өлімі оның дүниәуи тірлігі аяқталып, о дүниедегі өміріне өтуін білдіреді. Дін бойынша өзіне­өзі қол жұмсау – күнә, ондай адам – күнәһар. Адам жанын алла берсе, алатын да сол. Сондықтан, өзін­өзі өлтірген адам – ширк. Жоғарғы рух құқына қол сұғу. Мұсылманда мұндай адамның жаназасы да шығарылмай, оның мәйіті жалпы зираттан бөлек жерге жерленеді.

Біз осындай канондық түсінікке өзгерістер енгізу, эвтанизия жағындамыз. Адамның құқы абсолютті болса, онда оның өлуге де құқы бар.

Эвтаназияға мына жағдайларда рұқсат етілуі тиіс:

  • ­ қазіргі медицинаның ауру адамды емдеп шығаруға мүмкіндігі болмаса;
  • ­ ауру адамның саналы, табанды түрдегі өтініші;
  • ­ өлім халіндегі адамға ауру салдары, эвтаназияның мәні мен жүргізілу жолдары жайында міндетті түрде хабарлау;
  • ­ әртүрлі медицина салаларының дәрігер­мамандары консилиумының ауруды емдеу мүмкіндігі мен ауырған адамның азабын жеңілдету жолдарының болмауы жөніндегі бірауыздан қабылданған комиссия қорытындысы;
  • ­ дәрігерлер консилиуымының қорытындысы мен ауру адамның өтініші жөнінде жақын туысқандарына хабарлау;
  • ­ прокуратура органдарына эвтаназия жүргізілуінің көрсеткіштері жөнінде хабарлау;
  • ­ эвтаназияны жүргізу мүмкіндігі жөнінде соттың шешімі.

Қазақстандық заң шығарушылар, сот жүйесі осы мәселені қаперге алатын уақыт жетті деп білеміз.

Елеужан Серімов