Аймақтағы эпидахуалдың күрделенуіне байланысты, биыл да Қарағандыда айт намазы оқылмайтын болды. Сондай-ақ, құрбан шалу рәсімі де онлайнда атқарылады. Ал, офлайнда өткізуге үш жерде рұқсат берілген. Бірақ, оларда қатаң санитарлық талап сақталып, адамдардың көп шоғырлануына жол берілмейді. Бұл туралы Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ Бекқожа айтты, - деп хабарлайды Saryarqanews.kz
Имамның айтуынша, азаматтар онлайнда құрбан шалу үшін qurban2021.kz сайтына кіріп, өтініш қалдыра алады. Өзінің аймағын таңдаған соң малдың құны есептеледі. Ол қосымша арқылы төленеді. Осыдан соң WhatsApp мессенджері арқылы етті кімге бергісі келетінін жазып жіберуге болады. Сонымен қатар, фото-видео есеп сұрату мүмкіндігі де қарастырылған. Құрбандықтың еті мұқтаж жандарға табысталады. Бүгінге дейін мешітке мұқтаж адамдар хабарласып, ет алғысы келгенін айтқан. Былтыр облыстық мешіт 3689 адамға көмек көрсеткен екен.
Егер, тұрғындар онлайн құрбандыққа келіспесе, онда Қарағанды қаласында мал союға арнайы белгіленген үш бекетке бара алады. Олар: - "Арай.кз", Гоголь к-сі, 2/23; - ЖК "Абишев", Резник к-сі, 18; - "Хасенов" ШҚ, С. Сейфуллин к-сі, 53.
– Мұнда санитарлық нормалар сақталады және ветеринарлық қызметтің рұқсаты бар. Бірақ бұл жерлерде адамдар көп жиналуға жол берілмейді. Қалада мал сатуға тек арнайы жабдықталған "Арай.кз" алаңында ғана рұқсат етілген. Аулаларда немесе көліктерде сатуға тыйым салынады. Фермерлерді осыны ескеруге шақырамыз. Сондай-ақ, біз фермерлермен келісімге қол қойдық, оған сәйкес олар белгілі бір бағадан аспауы керек. Облыста Құрбан айтқа келесі баға бекітілді: қой – 75 мың теңге, ешкі – 55 мың теңге және ірі қара – 420 мың теңге, – дейді Өмірзақ Бекқожа.