"Өте құпия" белгісімен: Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Найза" операция туралы ақпаратты жариялады

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сирия аумағында құрылған "Қазақ ислам жиһады" ұйымын жою бағытында орындалған "Найза" барлау опреация туралы материалды жарыққа шығарды, деп хабарлайды Saryarqanews.kz тілшісі ведомства сайтына сілтеме жасап.

2015 жылы Сириядағы қарулы қақтығыстың қайнап жатқан кезеңінде, Сирия Араб Республикасының күлге айналған аумағында еліміздің беделіне дақ түсіретін «Қазақ ислам жиһады» (бұдан әрі – ҚИЖ) деген тағы бір террорлық ұйым пайда болды. 

Аталған құрылымның басында Қазақстаннан шыққан діни фанаттар мен радикалдар тұрды, олар сонау 2000 жылдың аяғында терроршылар жағында ұрыс қимылдарына қатысу үшін әртүрлі жолдармен Ауғанстанға келгендер болатын. 2011 жылы «империялардың зираты» аталған сол аумақтағы содырлар шаһид-терроршы арқылы Қазақстанда теракті ұйымдастырған еді.

Орталық Азия мен Қазақстаннан шыққандарды Сириядағы рекруттар құрамына алу туралы ҚИЖ басшыларының пиғылы жайлы ақпарат Қазақстанның Сыртқы барлау қызметінің қолына түседі. Сонымен бірге, біздің республикамызда сериялық террорлық акциялар өткізу ниеттерінің бар екендігін содырлар жасырын өткен жиналыстарында айтады.

Топтың Қазақстанға қатысты іс-қимылы тіпті сақтандыра түсті. Сондықтан Сыртқы барлау қызметінің жедел құрамының алдына міндет қойылды – зорлық-зомбылық актілерін өткізуге қатысты содырлар жоспарының жүзеге асуына жол бермеу керек.

ҚИЖ-ға қатысты жедел жете тексеру ісін «Өте құпия» белгісімен «Найза» деген кодтық атаумен арнайы операция шеңберінде жүргізу ұйғарылды, оның мақсаты террорлық ұйымның басшы құрамының қатарына агентура енгізу болды.

2015 жылдың жаз айындағы дайындық шаралары аясында іс-шараны атқара алатын лайықты орындаушыларды іздеу жұмыстары жүргізілді. Таңдау «Қаһарман» және «Сұңқар» деген сыртқы барлаудың арнайы екі агентіне түсті, жан-жақты қарай келгенде олардың сол уақытта шетелдегі күрделі объектілерді жете тексеру ісіне қатысып, тәжірибе жинақтағандықтары ескерілді. Сонау Сирияға ерекше тапсырмамен кетіп бара жатқандарын бұл адамдар өте жақсы сезінді, оның ішінде қолдарындағы «билеттің мәңгілік бір бағытқа ғана» берілуі мүмкін екендігін де білді, өйткені бұлар бара жатқан орта, кірігу тапсырмасының аса қауіпті екендігі айтпаса да белгілі еді.

«Қаһарман» мен «Сұңқар» қысқа мерзім ішінде арнайы дайындықтан өтіп, жазға қарай тапсырма орындау үшін екеуі екі түрлі мерзімде шетелге шығып кетті. Әрбір агент өзінің жоспары бойынша жұмыс істеді. Бұлай істелу себебі, егер қарсылас елде форс-мажорлық жағдай орын алатын болса немесе агенттердің бірі ісін құрдымға жіберетін болса, ондай жағдайда екінші агентке зияны тимеуі керек.

«Қаһарман» арнайы дайындықтың арқасында, терроршыларға психологиялық әсер ету тәжірибесінің нәтижесінде, әрі осы істі қалайда атқару керек деген ниетінің арқасында ҚИЖ басшысының айналасынан өз позициясын таба білді.

Дұрыс пысықталған іс-қимыл нәтижесінде «Сұңқар» да террорлық топ белсенділерінің ішінде беделге ие болды.

2015 жылы күзге қарай агенттер ҚИЖ терроршылар ұйымының басшысын Сирияның аумағында ұстау туралы нұсқаны ойластырғандығын хабарлады.

Қолда бар жедел деректерді тыңғылықты талдағаннан кейін, аталған операцияның соңғы фазасын жүзеге асыру керектігі туралы шешім қабылданды. Бұл үшін қазақстандық тәжірибелі барлаушылар тарапынан арнайы үш топ құрылды. Бірінші топ шартты түрде «Штаб» деп аталып, Орталық позициясынан ұйымдық шараларды жүзеге асырып отырды. Екінші топқа содырды ұстайтын жердегі дайындық жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ осыған қатысқан агенттер мен қызметкерлердің кері шығып кетуі, соның қосалқы нұсқаларын пысықтау міндеті жүктелді. Ал Сирия жағдайында ҚИЖ басшысын тікелей ұстау міндеті сыртқы барлаудың жауынгерлік үшінші тобына жүктелді.

Белгіленген уақытта «штабтан» команда түсті: барлық топ операцияның басталуына дайындалсын! «Қаһарман» мен «Сұңқар» агенттеріне де әрекет етуге кіріссін деген тапсырма берілді. Операцияның әрбір қатысушысы өздерінің рөлдерін нақты білді, қателесуге болмайтындығын түсінді, операцияның кез келген кезеңіндегі қателік қызметкерлер мен агенттердің қазасына алып келетіндігі айтпаса да түсінікті еді.

«Икс сағаты» соққан кезде «Қаһарманның» ұсынысымен ҚИЖ басшысы өзі отырған жерден басқа жерге келуі керек, жоспар бойынша ол осы жерде ұсталуы тиіс.

«Штабтағылар» тым-тырыс отыр. Агент және екі қызметкер ҚИЖ басшысын ұстау орнына қарай «алып келе жатты». Болуы мүмкін форс-мажор жағдайға байланысты қойылған «Сұңқар» мергендер позициясынан әріптестерінің қимылын бағып тұрды.

 

Аталған шараның жау апанында өтуі, ал террорлық топтың жоспарын жақсы білетін содырды қалайда тірідей алу керектігі жағдайды қиындата түсті. Агенттер мен сыртқы барлау қызметкерлері ұстараның жүзінде жүргендей болды, ал Отан алдындағы борыш сезімі операцияның сәтті өтетіндігіне ешқандай да күдік келтірмеді. Барлығы да істің аяғына дейін баруға дайын еді. Радиобайланыс арқылы берілген сол кездегі «Алға, жігіттер!» деген сөз топ мүшелерін жігерлендірді.

ҚИЖ басшысы «өлі зонаға» кірген кезде, «Қаһарман» «Бәрі дайын, ұстау керек!» деген белгі берді. Ұстау тобы санаулы секундта содырдың қол-аяғын қайырып, жеміс-жидек таситын фургонның ішіне тығып жіберді. Жергілікті аэродромдардың бірінде күтіп тұрған ұшаққа отырған топ ұсталған радикалды аман-есен Қазақстанға жеткізді. «Штабтан»: «Ең басты көкөніс тоңазытқышта! Сириядан шығамыз!» «Қаһарман» мен «Сұңқар» ерекше өкім болғанша осында қалады!» деген команда берілді.

Агенттер террорлық топтың құрамындағы белсенділерге, басшы болмаған жерде алдағы жұмыстың да мәні болмайтындығын насихаттап, осылайша содырлардың арасына сына қақты.

 

 

Нәтижесінде, 2015 жылдың аяғына қарай «Қазақ ислам жиһады» атты террорлық ұйым қызметін тоқтатты. Олардың басқа мүшелері сириялық қақтығыс аймағында қимыл жасап жүрген ұсақ топтарға бөлініп кетті. ҚИЖ басшысы ұзақ жылдарға түрмеге тоғытылды. Осыдан кейін Қазақстаннан барып, Сириядағы қарулы террорлық құрылымдардың құрамында ұрыс қимылдарына қатысқандар бірегей террорлық ұйым құруға талпынбады.

Агенттер «Қаһарман» мен «Сұңқар» 2016 жылдың ортасында үшінші елдің аумағы арқылы Қазақстанға оралып, арада бір ай өткенде басқа тапсырма алып, қайтадан шетелге шығып кетті.