Утилизациялық алымды артық төлегендердің қаражаты 25 мамырдан бастап қайтарылады

Фото: revizornews.ru

Елімізде утилизациялық алымды артық төлегендер мамырдың 25-нен бастап қаражатын қайтарып ала алады, деп хабарлайды saryarqanews.kz «Жасыл даму» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жасыл даму» АҚ recycle.kz ресми сайтында техникалық жұмыстардың аяқталғанын хабарлайды. Жеке кабинетке кіру 25 мамырдан бастап ашық болады.

«14 мамырдан кейін (қоса алғанда) ескі мөлшерлемелер бойынша өтінім берген жеке және заңды тұлғалар кәдеге жарату алымына артық төленген соманы қайтарып ала алады. Ол үшін «E-otinish» электрондық платформасы арқылы электрондық-цифрлық қолтаңбамен қол қоя отырып, өтініш беру қажет. Өтініште төлем тапсырмасын қоса бере отырып, қайтаруды жүзеге асыру үшін өтінімнің нөмірін, шоттың деректемелерін көрсету қажет» делінген хабарламада.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, биыл Үкімет шетелден кіргізілетін көлік құралдары үшін утилизациялық алым мөлшерін 50 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.

Атап айтқанда, жеңіл және жүк көліктер мен ауылшаруашылық техникасы үшін кәдеге утилизациялық алымның базалық мөлшерлемесі 50 айлық есептік көрсеткіштен 25 АЕК-ке дейін қысқартылды.