Мұғалімдер мен дәрігерлердің айлығы көтеріледі

Бюджет қаражаты есебінен алдағы уақытта мұғалімдер мен дәрігерлердің айлығы көтеріледі. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында айтылды. Жиында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев депутаттардан "2022-2024 жылға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын мақұлдауды сұрады, деп хабарлайды Saryarqanews.kz тілшісі.

«Мұнайға қатысты емес түсімдердің үлесі биылғы 56,4%-дан 2024 жылға қарай 71,4%-ға дейін өседі деп болжанған. Бюджет тапшылығы 2022 жылы жалпы ішкі өнімге 3,3%-дан 2024 жылы 2,5%-ға дейін кезең-кезеңмен төмендеумен жоспарланып отыр. Шығыстар келесі жылы 15,9 трлн теңгені құрайды. Бюджеттің әлеуметтік бағыттылығы сақталуда. Үш жылдық кезеңде әлеуметтік сала шығыстары 26,7 трлн теңге болады. Оның ішінде 2022 жылы осы жылдың деңгейіне қарағанда 643,2 млрд теңгеге ұлғая отырып, 8,1 трлн теңгені құрайды. Бюджеттің жалпы көлеміндегі бұл шығыстарының үлесі ендігі жылы 50,8%-ға дейін өседі», − деді министр Ерұлан Жамаубаев.

Қазына қаржысының басым бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалмақ. Яғни, зейнетақы төлемдеріне, жәрдемақыға және әлеуметтік осал топтарға бағытталады. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалмапты. Бұл бағытта 2022-2024 жылдарға 5,7 трлн.теңге қарастырылыпты. Осы қаражаттың есебінен медициналық мекеме қызметкерлерінің айлық жалақыларын да өсіру көзделіп отыр. Ал, білім саласын дамытуға алдағы 3 жылға 7 трлн.теңге бөлінбекші. Жалпы алғанда, пдеагогтар мен медицина қызметкерлерінің жалақыларын өсіруге қазынадан 4,3 трлн.теңге қарастырылған.