Елімізде сатылымдағы аяқкиімнің 96% сырттан әкелінеді

Жыл басынан бері елде аяқкиімінің бағасы 6 процентке қымбаттаған. Салдарынан сауалнамаға қатысқан қарапайым халықтың 15 проценті қыста жаңа етік сатып алуға мүмкіндігі жоқ екенін айтқан. «Жығылғанға жұдырық» - дегендей, етік өндірушілер мен сатушылар 1 қарашадан бастап аталған тауарды таңбалау нормасы енгізілсе, шәркейдің бағасы тағы да шарықтайды деп қауіптенеді.

8 жылдан бері аяқ киім саудасымен айналысып келе жатқан Гүлнар Сынбинова саланың тетіктерін жақсы біледі. Ол 1 қарашадан бастап енгізілетін таңбалау нормасы әлі толық жетілдірілмеген деп отыр. Себебі машақаты көп. Оның үстіне сырттан келетін тауардың барлығы кедендік қоймаларға келеді. Ал, олардың барлығы жеке қолда. Бұның барлығы осы бағыттағы жұмысты күрделендіріп жіберуі ықтимал деп қауіптенеді. «Неге кеден бағдарламасымен сандық жүйені біріктірмеске. Сол кезде тауар кеден қоймасына келген бетте бірден таңбаланып отырады. Бұл араға делдал салып, бәз біреудің қалтасын қампайтудың қажеті қанша? «Дата матрикс кодын» беретіндер меншікті комания екен. Оданда ол кеден құрамында болса, біз жеке компанияға бергенше қаншама қаржыны мемлекетке төлеп отырайық»- деп ашындады.

Аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау талабы енгізілсе – оның кесірі тағы да бірінші кезекте ең соңғы тұтынушы, яғни қарапайым халыққа тиеді. Себебі сатушылар мен өндірушілер сол талап енгізілсе барлық аяқ ким туралы мәліметті белгілі бір сайтқа салып отыруы керек болады. Ал, бұл қаншама уақытты талап етеді дейді олар. Сондықтан қосымша қызметкерді жұмысқа алу керек болады. Оның айлығы бар, өзге де шығындар бар осының бәрін есептей келе, аяқ киім бағасы тағыда 20 процентке қымбаттауы мүмкін деп жорамал жасап отыр.

Қазір дүкендерде етіктің орташа бағасы 10 мың теңгеден басталады. Кейін қалтаңызға қарай жарты миллион теңгенің де аяқ киімін табасыз. Бірақ, ел тұрғындарының 15 проценті жарты миллион түгілі 10 мың теңгенің аяқ киімін ала алмайтынын айтқан.Статистикалық департаменттің ақпаратынша жыл басынан бері әйелдер етігі 5, ерлердікі 6,5 ал балалар аяқ киімі 9 процентке қымбаттаған. Бұл тарапта қала тұрғындарының да пікірін білгенбіз. Тұрғындар етіктің бағасы есіріп бара жатқанын бірден айтып отыр. Мысалы Гүлнар есімді тұрғын «Негізі халықтың да жағдайын кішкене ойлау керек қой. Кішкене түсірсе бағаны. Былтырғыдан көп қымбаттады. Былтырғы баға жоқ биыл. Оның үстіне 50 проценттен артық көтерілгендер де бар» - деп ашынса, Назерке есімді тұрғын «Мен өзім күздік етікті 42 мыңға алдым. Ол қымбат менің жарты айлығым десем де болады. Менің айлығым жетеді, сондықтан аламын. Бірақ 50, 60 мыңға жұмыс істеп жатқан адамдарға өте қиын. Өз ортамызда бар ондай тұрғындар», - деп мәселеге ашумен емес, ақылмен қарайды.

Қымбаттаудың салдарынан қазір ескі етікті қайтадан қалыпқа келтіріп киюді жөн санайтындардың артқанын етікші Мейрам Медеубаевта аңғарған. 15 жылдан бері осы жұмысты кәсіп еткен ол ескі етікті қолтықтап келетіндер көп дейді.

 «Күніне 4-5 адам келеді ең аз дегенде. Мен кейде қалып қоямын осында жұмыспен. Кейде 9, 10-ға дейін өйткені бәріне таңертең керек, жұмысына барады. Бағасы қиын болған соң адамдар қиналып жүр да сосын айтамын, ескі аяқ киімдерің жақсы деп, жөндеуге. Сапасы жоқ қазіргі аяқ киімдердің» - деген пікірде.

Тараздағы тарихы 50 жылға жуықтайтын, етік шығаратын зауыт бар. Мұндағы етіктің ең арзаны 5 мың теңге шамасында. Материалдардың барлығы импорттық, яғни сырттан келеді. Кезінде жылына 6 миллион аяқ киім шығарған зауыт қазір тек жылдық қуатының 30 процентінде жұмыс істеп тұр.

«Таразкожобувь» ЖШС басшысы Еркебұлан Ералы:

«Қазақстандық өндірушілер жалпы ішкі өндірістің  2-ақ пайызын қанағаттандырады екен. Қалған 98-і импорттық. Бәсекелес болу үшін импортпен бізге белгілі бір жағдай жасалу керек. Ол қаржыландыру саясаты, салықты реттеу саясаты бар», – деп мемлекетке жалтақтап отырғандарын жасырмады.

Ал, 2017 жылы Орал қаласында бизнестің жол картасы бағдарламасы аясында 380 млн теңгеге ашылған етік тігетін зауыт қазір қаңырап бос тұр. Себебі отандық өнімнің алдын импорттық және қара нарықтағы тауар екі орайды. Өйткені бағасы арзан. Тұтынушы таңдауы - отандық кәсіпті тентіретіп жіберген.

Осы өңірдің кәсіпкерлік басқармасының ресми өкілі Мейрам Қабдығалиев «Жобаның күштілігі жылына 265 мың аяқ киім тігу. Сонымен қатар 50 жаңа жұмыс орыны ашылған болатын. Қазір ол жоба бойынша жұмыстар тоқтап тұр. Тауарларды өткізу себебіне байланысты. Басқа ешқандай проблема жоқ. Басты мәселе осы өткізу мәселесінде болып тұр», - дейді.

Осы орайда елдегі компаниялар не себепті өз өнімдерін жарнамалауға қауқарсыз. Не себепті өз өнімдерін бәсекеге қабілетті деңгейге көтере алмайтыны тағы да түсініксіз болып отыр.

Құзырлы министрлік болса, аяқ киім айналымының 96 проценті импорттық екенін жасырмайды. Ал, елдегі 60-қа жуық кәсіпорын елдегі сұраныстың не бары 4 процентін қанағаттандырып отыр. Ал, саланың дамуына келсек позитивтен гөрі негатив көбірек.

ҚР ИИДМ жеңіл өнеркәсіп басқармасының сарапшысы Фаррух Изатуллаев не себепті аяқ киім өндірісі дамымай отыр деген сауалға - «Басты проблемаларды айтсақ, маман тапшылығы, арендалық бутик қымбаттығы, ел ішінде шикізат жетіспеушілігі, қосалқы материал бағасының тұрақты өсімі сондай-ақ отандық кәсіпорындардың мемлекеттік тапсырыстарға ғана басымдық беруі», – дейді.

 Мемлекеттік кіріс комитетінің ақпаратынша елдегі аяқ киім саудасының 50 процентке жуығын көлеңкелі айналым құрайды. Келеңсіздікті жоюдың жалғыз жолы осы аяқ киімдерді таңбалау дейді мамандар. Алайда, мемлекеттік тапсырысты ғана орындап үйренген отандық кәсіпорындардың жағдайын бұл заң қаншалықты оңтайландыратыны белгісіз.

Расул МҰХАММЕД,
QH.