Татьяна БАШИРОВА:"Иммунитетім қорғайды деп, бейқам жүрмеңіз"

Коронавирусқа қарсы бірден-бір ем – вакцинаға қарсы түрлі фейк-ақпараттан елдің әбден зәре-құты қашып болды. Қауесетке қарасақ, тіпті, мыңдап жұғып, жүздеп өмірді әкетіп жатқан індеттің өзі вакцинамен салыстырғанда түкке тұрғысыз болып қалғандай. Ол аз еді, енді екпе алуға қарсы пікірдегі «антиваксерлер» елдің санасын улап, у-шу шығарып қана қоймай, оның адам ағзасы үшін зиян екеніне сендіріп бағуда. Жалпы, вакцинаның пайдасы мен зияны туралы қалалық алғашқы медициналықсанитарлық көмек орталығының директоры Татьяна БАШИРОВАМЕН сұхбаттасқан едік...

  • Татьяна Павловна, тұрғындар індеттен сақтану үшін вакцина алғылары келгенімен, кері әсері болады-ау деген қорқыныштарын жасырмайды. Мысалы, обыр, бас миының аурулары дамиды, болмаса, болашақ баланың денсаулығына кері әсері болады деген тәрізді. Осы туралы не айтасыз?

  • Бүгінге дейін обыр дертінің неден дамитыны туралы нақты дерек жоқ. Халықаралық зерттеулер көрсеткендей оның дамуына әсер ететін факторлар бар екені рас. Ал, адамзаттың вакцинаны пайдаланып келе жатқанынан 100 жылдан астам уақыт болды. Қандай да бір вакцина, оның ішінде коронавирус инфекциясына қарсы вакцина обыр дертіне, болмаса, болашақ баланың денсаулығына кері әсері болатыны ешқандай елде, ешқай жерде дәлелденбеген. Дәрігер ретінде осындай ойдың қайдан пайда болатыны маған түсініксіз.

  • Коронавирус – бұрын болмаған індет. Оның үстіне, вакцина да кейіннен пайда болды. Әлбетте, зерттеулер де қатар жүруде...

  • Әрине, адамзат бұрын болмаған коронавирус індетімен бетпе-бет келді. Оған карсы вакцина да бізде ғана емес, әлем елдерінің барлығында жаңадан жасалды. Осы жерде оны жасауға арналған технологиялар платформасы баяғыда әзірленгенін айту керек. Ал, Қазақстан аумағында қолданылатын векторлы «Спутник V» вакцинасын дайындау технологиясы аяқ астынан, яғни, 3 немесе 6 айда пайда бола қойған жоқ. Дәл осындай, құрамында РНҚ бар вирустарға қарсы вакцина дайындау технологиясы шамамен 5 жылдай бұрын пайда болған. Яғни, коронавирус тәрізді құрамында РНҚ бар вирустар үшін вакцина алдын ала әзірленіп қояды.

    Бірақ, вакцина әзірленген ауру кең таралмауына байланысты ол тұра береді. Ал, вирус мутацияға ұшырап, түрленген сайын, осы әзірлемелер негізінде ғылым мен технология осыдан бірнеше жыл бұрынғымен салыстырғанда жылдам вакцина әзірлеуге мүмкіндік береді. Кез келген вакцина ауруды асқындыруға емес, қандай да бір ауруға қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған.

  • Егер, адам иммунитетінің коронавируспен күресуге өз күші жететін болса, мүмкін оған бөгет жасаудың қажеті жоқ шығар?

  • Бұл жағдайда жалпы иммунитет туралы айту керек. Мәселен, ағзамыздың қандай да бір аурумен күресуге бағытталған қорғаныш күші бар. Иә, біреу ауруды жылдам жұқтырса, біреуінің ағзасының қорғаныш күші мықты шығар, Бірақ, бұл дегеніңіз иммунитет тек коронавирусқа ғана қарсы күрессін дегенді білдірмейді ғой. Адам денсаулығы түрлі жағдайларға байланысты өзгеріп отырады. Түрлі психологиялық жағдайлар, шаршау, жас ерекшелігіне байланысты иммунитет те әлсірейді. Оның нақты қай жерде коронавирус инфекциясына қарсы төтеп бер алмай қалатынын біз білмейміз. Оның үстіне, коронавирус өте жұқпалы. Егер бұған дейін ауырған адам 3 адамға жұқтыратын болса, қазір үнді штамы екі есе жылдамдықпен жұғуда. Осы жағдайда «иммунитетім қорғайды» деп, сенуге болмайды. Вакцина иммунитет қалыптастыруға бағытталғандықтан, екпе алғандар саны артқан сайын вирустың таралуы да азая түседі. Адам ауырмаса да вакцина алуы керек. Себебі, вирус адамнан адамға жұққан сайын мутацияға ұшырап, жетіле береді. Бұл жұқтыру қаупін одан әрі арттыра түседі.

  • Аллергиясы барлар екпе алуға болмайды. Ал, егер аллергия вакцинаның бірінші компонентінен кейін пайда болса, екіншісін жасату керек па?

  • Егер, аллергиясы жоқ адамда вакцинаның бірінші компонентін алғаннан кейін осы тәрізді кері әсер байқалса, оның екінші компонентін алу керек емес.

  • Балалар мен егде жастағы адамдардың екпе алғаны дұрыс па? Дәрігер ретінде пікіріңіз қандай?

  • Әрине, жасату керек. Өздеріңіз көріп отырғандай, ауруға жиі шалдығатындар да егде жастағылар. Әрі оларда ауру кезеңі де қиын өтеді. Көп жағдайда пациенттің өліміне әкелуде. Әрине, егде жастағылардың созылмалы аурулары болуы мүмкін, бірақ, ол күні кеше ғана пайда болған жоқ қой. Оның үстіне, екпе ауру асқынған жағдайда салынбайды. Оны өзіміз де қадағалап, бақылап отырып, жазылғаннан кейін саламыз. Біздің тәжірибеміз әлемде болып жатқан жағдайдың бір бөлігі ғана. Вакцинадан кейін де ауру жұқтырған адамдардың бар екенін білеміз, бірақ, ол екпе алмағандармен салыстырғанда өте аз. Індеттен құтылудың басқа мүмкіндігі жоқ.

  • Тұрғындарға қандай кеңес бересіз?

  • Вакцина алғанда шыдамдылық танытыңыздар. Қорқыныштың болатыны қалыпты құбылыс. Күн сайын еститін түрлі жағымсыз ақпараттың өзі шаршатады. Бір-бірімізге сенбесек, ол өзімізге де, індетпен күресіп жүрген дәрігерлерге де оңай тимесі анық.

  • Әңгімеңізге рахмет!

  • Сұхбаттасқан Салтанат ІЛИЯШ.