Болат СЫЗДЫҚ: «Абыздар болса, Ұлы Дала бұлай аңырап тұрмас еді…»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ пәрменімен карантин шаралары шілде айының соңына дейін ұзартылды. Қазіргі таңда барлық ел аумағындағы секілді Қарағанды облысында да індетті одан әрі таратпау үшін қажетті жұмыстар белсенді атқарылуда. Дегенмен, елдің көңілінде алаң бар. Қауіп-қатерден титықтады, қалыпты өмірді аңсады. Сонда да ертеңгі күннің жақсылыққа толы болуынан үмітті. Жандарына жылу, жүректеріне үміт сыйлар ізгі сөзге зәру. Осы жағдайды ескеріп, сын сағаттарда салмақты сөз айта алатын азамат, заң ғылымдарының кандидаты, «Bolashaq» академиясының профессоры, қоғам белсендісі Болат СЫЗДЫҚПЕН әңгімелескенді жөн көрдік.

– Болат Кенелұлы, заңгер әрі қоғамдағы жетістіктер мен кемшіліктерді көре алатын белсенді азаматтардың бірісіз. Қазіргі таңда коронавирус пандемиясының таралуына жол бермеу мақсатында жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына көңіліңіз тола ма?

– Бұрын даланы ұзынқұлақ кезсе, одан соң сымсыз телефон «орап» жататын. Қазір оларға әлеуметтік желілер қосылды. Ресми ақпарат көздері мен бұларды бәсекелес ретінде танысақ, күш тең емес. Сол тұрғыдан келгенде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тек ресми дерек көздеріне ғана байлап қоймай, әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін де тиімді пайдалану қажет. Бұлардың күштерін біріктіру керек. Және ақпараттың болғаны ғана емес, оның тілі, сапасы, кімнің тарататыны да маңызды. Коронавируспен күрестің бастапқы кезі мен қазіргі кезеңде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің өзгергенін халық көріп отыр. Жағымды жақтары да бар. Екінші жағынан, ақпараттың сүзгіден өткізілуі, іріктелуі жағымсыз деп санаймын.

– Елдің көңілі алаң, кімге сенерін білмей дал. Емханалар мен ауруханаларға да баруға үрейленіп қалған. Өйткені, дәрігерлер және емделушілер түрлі сарындағы қорқынышты жазбалар жүктеуде. Бұған не дейсіз?

– Мамандардың айтуынша, қазіргі ақпараттың 95 %-дан астамы айғай мен шу, лайсаң, жалған. Бұл – ғылыми негізделген дерек. Бидайдың дәнегі мен кебегін айыру – оңай, ақпараттың дәнегі мен кебегін айыру – қиын. Бұл үшін жоғары білікті талдау керек. Қарапайым адамдар осындай ақпараттық лайсаңда абдырап, кімге, неге сенерін білмей қалады. Ресми ақпарат кешеуілдеп жетеді. Сол аралықта қоғамды мазасыздық пен үрей жайлай бастайды. Түрлі сыбыстар мен тексерілмеген, тіпті, қасақана жасалған жалған ақпарат көбейеді. Екінші жағынан, ресми дерек көздері оқиғаны әрлеп, сылап-сипап, тігісін жатқызып беруді жөн көреді. Бұл – дұрыс емес. Біздің мемлекеттік қызметкерлер мен ресми қызметтегі тұлғалар ақпаратты оқиға болған жерден тікелей беруге машықтанғаны дұрыс. Сонда олардың сөзі жедел, сенімді, дәйекті болмақ. Жауапты адамдардың тікелей эфирден, журналистер мен блогерлердің микрофонынан басын ала қашуынан түрлі қауесет орын алады. Және шынында да келеңсіз, тіпті, сорақы жағдайлар да жеткілікті болғаны мәлім. Егер бұларды жасырсақ, қоғамның сенімін одан сайын жоғалтамыз. Денсаулық сақтау министрлігінің Фейсбук, Телеграм және тағы басқа әлеуметтік желілерде ресми парақшалары ашылып, олардың бұқараға танымал болуына не кедергі?

 Осы ретте клиникалық медицина мен ұлттық медицинамыздың қауқары жайлы не айтар едіңіз? Мәселен, Қытайдың халық медицинасы індетпен күресте мықтылығын көрсетті. Шұбат пен қымыздан қайран бар ма? Мұндай індеттер бұрын да болған ғой, көшпелі бабаларымыз қалай қорғанды екен?

– Үрей болмауы керек дейміз. Бұл – жай ғана айтыла салатын сөз емес. Жеке адамды, не қоғамды үрей билеп алса, бей-берекеттік орнап, оң нәтиже беруге тиісті дұрыс әрекеттердің өзі не ретсіз, не бұрыс істеліп, кері нәтиже беруі мүмкін. Бізде сол орын алды. Шындығын айтсақ, бейбіт күннің өзінде біздегі клиникалық жүйе сырқаттарға немқұрайды қарайтындай әсер беретін. Сондықтан, дәрігерге көріну немесе ауруханаға жату үшін адамдар тамыр-таныс іздейтін. Дәрі-дәрмектің бәрін болмаса да, біразын өзі табатын, тамағын үйден алдырып тұратын. Бұл жерде, әрине, барша дәрігерді кінәлап отырған жоқпын. Жақсы мамандар бар. Соңғы жылдары медицина саласы біршама жақсарды. Бірақ, саланың негізгі реңі солай екенін жасырғым келмейді. Оның үстіне жақсы да кең ғимараттар жекеменшікке өтіп кетті, сол үдеріс әлі де жалғасуда. Мен білетін Қарағандыдағы №3 емхана неше рет ғимарат ауыстырды? Қазір екіге «жарылып» отыр. Сырқаттар мен мамандар сапырылыста. Неге?

Негізі, әлемде өзара толықтыру қағидаты жұмыс істейді. Бізде біржақтылық басым. Денсаулық сақтау министрлігі тек ресми медицинаға ғана жауап береді. Соның дамуын ғана көздейді. Сайып келгенде, бізде халық медицинасы, әсіресе, қазақ медицинасын дамытуға қатты көңіл бөлінуі және бұған министрлік мүдделі болуы тиіс.

Қазақтың халық медицинасы Қытайдың немесе жалпы Шығыстың медицинасынан еш кем емес. Тіпті, артықшылығы да бар. Өз басым бұған көптеген нақты мысал келтіре аламын. Отбасымызбен көбіне халық медицинасына жүгінеміз. Елімізде халық медицинасы қанша қуғын көрсе де, қалпын сақтап  келді. Ал, емші, дәрігер қандастарымыз шетелдерден елге оралған соң, тіпті, өрістей дамыды.

Адам ағзасы синтетикалық қоспаларды жаратпай, олармен ылғи күреседі екен. Ал, қымыз, шұбат – табиғи сусындар. Басқа пайдасын айтпағанның өзінде осы жағын ескеру керек. Бүгінгі қазақ жалқау емес. Бірақ, қазіргі өмір салты аз қимылдайтын немесе тым жапырып істеп, қатты қалжырап, дене мәдениетімен айналыспайтын, сенбі-жексенбі тойда қарынды тығындап алатын, рационның әрқилы болуына мән бере қоймайтын, шайға иек артып алған, ұйқы режиміне көңіл бөлмейтін, ауыру белгісі білінсе, ойланбай қолына іліккенді іше салатын болған. Ал, ұйқы иммунитетті сақтауда аса маңызды рөл атқарады. Бұл айтып отырғандарым – ғылыми негізделген ақпарат.

Көшпелі бабаларымыз да қара ту тігіп оқшаулана білген, шам жарығымен ұялы телефонға телмірмеген, шай ішіп, қан құрамындағы темірді сұйылтпаған, синтетикалық қоспаларды пайдаланбаған. Атом жарылысы, экологиялық апаттарды бастан кешпеген. Сондықтан, иммунитеті жоғары болған. Бірақ, түрлі аурулардан жас сәбилердің өлім-жітімі көп болғаны рас.

– Сәби демекші, қазір аяғы ауыр келіншектердің өзіне жедел жәрдем уақытылы келмейді. Дәрі-дәрмек те тапшы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының CОVID-ті емдеу хаттамасы туралы не айтасыз? Онда дәрі-дәрмектердің пайдасы мен зияны туралы толықтырулар жүргізіледі екен. Осы жағы бізде ақсап тұрған жоқ па?

– Біздің медициналық мекемелер жұмысты қашаннан сылбыр істейді. Медицина саласындағы достарым ренжи қоймас, шындық – солай. Мұның себебі – сол салада ылғи қысқарту, оңтайландыру, еңбекақыны қажетті деңгейде өсірмеу, бөлінген қаржыны оңды-солды шашу сияқты құбылыстардың болуы. Дәрігерлердің еңбекақысы мардымсыз, есесіне жұмыс көлемі мен күрделілігі орасан. Сондықтан болар, дәрігер қызметі бізде тиісті беделге ие емес. Бір емес, бірнеше жерде жұмыс істейтін дәрігерлер, медбикелер аяғын әзер алып жүретіні көрер көзге аян.

ДСҰ-ның өзі коррупция жайлап алған ұйым деп жүр. Жаңа ауру болған соң хаттама да тыңнан жасалуда. Бұған асығыстық та, біліксіздік те, жаңа деректер де өз үлесін қосуда. Кезінде академик Т.Шарманов «…бізде аурулар медицинасын дамытып отырмыз, негізінде денсаулық медицинасын жолға қоюымыз керек» дегені бар. Біз бірінші жолды таңдап алғанбыз. Сондықтан, аурулардың ізіне түсіп, жаңаларын тауып, жаңаша диагноздар қойып, олардың әрбіріне жеке-жеке дәрі ойлап тауып, ақыры, фармацияны индустрия саласы етіп жібердік. Бұл жолдың ұшы-қиыры жоқ. Осы көзқараспен аурулар көбейе бермек, оған бөлінетін қаржы да соғұрлым арта түспек. Бұл – тығырыққа тірейтін жол. Фармация – дертке шипа емес, адамның иммуниетіне салынатын химиялық бұғалық.

Негізі, адамды аурудан сақтандыратын, сауықтыратын медицина керек. Дәрігерлер қанша сырқатты емдегені үшін емес, қанша адамды ауруға шылдықтырмағаны үшін еңбекақы алуы тиіс. Ғарыш медицинасының негізін салған профессор И.Неумывайкиннің айтуынша, ғарышта осы екінші жол таңдалған.

– Ал, СОVID пен пневмония тек жұқпалы дерт қана емес, адамның өне-бойын жылы ұстамаудан, суық тиюден пайда болады деген де пікірлер бар. Бұл туралы не ойлайсыз?

– Мен маман-дәрігер емеспін, бірақ, небір ауру-сырқаудың түрлі «дәлізінен» өткен адам ретінде айтсам, адамның қорғанышы (иммунитеті) әлсіресе, қасыңыздан ұшып өткен көбелектің қанат желпісінен де ауырып қалуға болады. Сонда, көбелек кінәлі дейміз бе? Әлде күтінбеген, сақтанбаған адам кінәлі ме? Байқағаным, бір аурудың өзінің адамға енуінің сан жолы бар. Мен үшін маңыздысы – «Соған қалай жол бердім, қай жерде әлсіздік таныттым» деген сұрақ.

Жеке пайымым бойынша, халық медицинасы, не шығыстық медицинаға қарағанда дәлелді медицина әлі де көп дамуы қажет. Басқа елді білмеймін, біздің елде солай. Жалпы батыс елдерінің өзі Шығыс медицинасын, оның ішінде қазақ медицинасы да бар, мойындайды.

– Қазақ медицинасы қанша қауқарлы десек те, індет өршіп тұр. Симптомды әрі симптомсыз түрі таралуда. Санитарлық талаптарды дұрыс сақтамай жүрміз бе? СОVID-ті пневмониядан бөліп қараудың астарында не бар? Біраз жерді аралап, көріп-біліп жүрсіз, бұған қатысты да айтарыңыз бар шығар…

– Әскери терминологиямен сөйлесек, Бауыржан Момышұлының батальоны талай қанды қырғыннан аман шыға білген. Бұл жерде маңыздысы – Баукеңнің жауынгерлерді қатаң тәртіпке мойынсұнта білгені. Соның арқасында әр жауынгер өзін аман сақтаған және ортақ жеңіске өз үлесін қоса алған. Баукең «әскерде ең қиыны – бұйрыққа бағыну» депті. Басында оның өзі бұйрықтарға бағына бермеген. Кейін (1941 жылы соғыс басталғанға дейін) мұның маңызын түсінген. Аға лейтенант Бауыржан Момышұлының батальонымен қанаттас соғысқан капитан Шилов басқарған батальон алғашқы айқаста-ақ бытырап кеткен. Әскери ущилище бітірген капитан Шилов мықты болғанымен, оның жауынгерлерінің жеке тәртібі жеткіліксіз болған еді. Бұл батальон Шиловқа кеш беріліп, ол оны тәртіпке түсіріп үлгермеген болатын. Міне, осыны дұрыс қорытсақ, баршаның аман қалуы үшін әр азаматтың жеке тәртібі жоғары деңгейде болуы тиіс. Біздің «Қарағанды батальонын» бәлкім капитан емес, майор не полковник басқарып отырған-ақ шығар, бірақ, бізде аға лейтенанттың батальонындағыдай қатаң тәртіп орнамай тұр. Қара қазан, сары бала қамы үшін ер-азаматтар өз үйінде, өз әулетінде қатаң тәртіп орнатуы тиіс.

Біз – статистикасы мен шынайы жағдайы сәйкес келе бермейтін елміз. Бізде мамандар мен менеджерлер жалтақ, басшылар мен министрлер маман емес. Саясат жоқ жерде саясат енгізіп, аяқ астынан проблема тауып беріп отырады. Мен сөйлескен білікті мамандар осының бәрі СОVID деп отыр. Алайда, ең басында олардың кейбіреуі COVID жоқ, ойдан шығарылған деген еді. Қазір ақпарат деген өте маңызды. Бүгін айтқан аз ғана өтірік күндердің күнінде ұлт болашағына қауіп төндіреді.

– Темірдей тәртіптің қажеттігі айдан анық. Бірақ, төтенше жағдай алынған соң ел той тойлап кетті. Нәтижесінде, дертті қайта өршітіп алдық. Ресми дерекке сүйенсек, әлемде індетті көп жұқтырған 30 елдің құрамына еніппіз. Енді, карантин шілде айының аяғына дейін ұзартылды. Арандатушылар мен жанашырлар түрлі жазбалар таратуда. Карантиннен қандай нәтиже күтесіз?

– Жаңа айтқанымдай, бізге Бауыржан Момышұлындай қатал, өте қатал, бірақ, ойлы да батыл командир керек. Ол әскери училище бітірмей-ақ, ашық майдан даласында қалыптасқан командир еді. Баукеңнің академиясы – батальоны мен полкі, дивизиясы. Ауылдар мен аудандарда, қалалардың өзінде карантин тәртібін дұрыс сақтамадық. Биліктен де, халықтан да кемшілік кетті. Жергілікті әкімдер, құқық қорғау органдарының қимылы пәрменді, қарекеті қажырлы болуы тиіс еді. Бізде бұйрықтар – пәрменсіз, бұқара – бейғам. Бұл жолғы карантин ел үшін, әр азамат үшін – үлкен сынақ. Әрбір отағасы, әрбір отанасы, әрбір жігіт пен қыз жеке бастың қамын қатаң ойлауы тиіс. Биліктен мін тауып, сол үшін кінәлап, өзің тәртіпті сақтамай, ақыры, өлімге бас тігуге болмайды.

– Әркім өз отбасына сақ болуы керек дейсіз ғой. Әлеуметтік желіде өте белсендісіз, елге пайдалы, сауатты посттар жазасыз. Осынау қиын кезеңде жұртқа жол сілтейтін аузы дуалы, көреген абыздарды іздеген жырыңыз жарияланды. Шығармаңыздан Бауыржан Момышұлындай ержүрек абыздарды іздейтініңіз байқалады… 

– Егер ол сөзім ұнамды болса, оны газетте жариялаңыздар. Халық қадірлейтін, аузына қарайтын қайраткер азамат бізде жетіп артылады. Жасым біразға келсе де, әлі күнге дейін солардан сөз күткен көптің бірімін. Сол сөзді менен әлдеқайда әлеуеттілер күтеді, халық күтеді… Негізі, бұл – қате көзқарас. Айтаққа еріп, өрекпіп кетпеу керек, алайда, әр қазақ еркін азамат ретінде көмейге келген сөзді айта білуі қажет. Менен гөрі танымал қайраткерлердің сөзі өтімді болар еді. Президентке, Парламент пен Үкіметке тезірек жетер еді. Сонда олар біртіндеп жай ғана қайраткер емес, шынайы абызға айналар еді. Алайда, біздің қоғамда төменде айқай көп, ортада үнсіздік басым. Абыздар болса, Ұлы Дала бұлай аңырамас еді. Ұлы Даланы үнсіздік баспас еді. Билік пен ақшаға бөккен кейбір оспадарлар тайраңдап, төменде халық қайраңдап қалмас еді. Мен әуелі белгілі екі тұлғаны абыз ретінде атадым. Көпшілік қабылдамады. Ағалар мен інілердің сөзін ескеріп, Тоныкөктен, Қорқыттан тарқаттым. Негізі ойым, абыздық институты қазақ қоғамының мықты бір ұстыны еді. Қазір абызсыз қасіретті күндер кешудеміз.

– Қатерлі індет арыстай азаматтарымызды ортамыздан алып кетіп жатыр. Ұлт жанашыры ретінде әр қазақтың жанын аман алып қалу үшін қандай кеңес бересіз?

– Ойлану, ойлану, ойлану. Бауыржан Момышұлының рухты әрі нақты кеңестері бар кітаптарын оқу. Кез келген қысылтаяңда ар мен абыройды сақтай отырып, ойланып, қарекет жасау. Кез келген жағдаятта ойланып барып, қарекеттердің нақты алгоритмін құрып алу. Құр бекер жүгіре беруге де, ұнжырғаны түсіріп жатып қалуға да болмайды. Бұл жолғы аурудың бір жаманы – адамды байқатпай еріншектік басады екен. Және адам қоштаса бастайды. Жоқ, қоштасатын кез емес. Бір тамшыдан жаралған, ертең топыраққа сіңіп кетер тәніңді, қарақан басыңды ғана емес, мыңжылдықтар тезінен өтіп, бүгінге жеткен Еліңді, қара қазағыңды ойла да, қарекет қыл. Тыныс алу жаттығуларын жаса. Жаратқанға жалбарынғанның сыртында қолыңнан басқа түк келмесе, телефоныңды ал да жан-жақтан кеңес ал. Отбасы мүшелері, достарың, таныс емші, дәрігер, әріптестерің, балаң, көршің, көлденең көк атты – әйтеуір бір жақтан көмек келеді. Әркім-ақ өз бойындағы бейғамдық пен енжарлыққа және тәртіпсіздікке жол бермеуі тиіс.

 Әңгімеңізге рахмет, қазаққа Жаратушы жар болғай!

Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР.

ortalyq.kz