Қарағандыда Нүркен Әбдіровке арналған ескерткіш жаңартылды

Қарағандыда қалпына келтірілгеннен кейін Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіровке арналған ескерткіш ашылды. Мүсін қоладан жасалған және салмағы екі тоннаға жуық.

Ескерткіштің ашылу салтанатына Қарағанды Суретшілер Одағының, тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының өкілдері, сондай-ақ батырдың жиені Әбубәкір Әбдіров қатысты.

– Біздің отбасымыз үшін бұл өте маңызды оқиға. Батыр атамыздың естелігі мәңгіге сақталатынына ризамыз. Қалпына келтіру жұмыстары басталғаннан, аяқталғанға дейін комиссия мүшелері менімен байланыста болды, олар маған эскизді көрсетті, жұмыс барысын айтып отырды. Ескерткіш керемет болып шықты, – деді отставкадағы полковник Әбубәкір Әбдіров.

Жұмыстарды елордалық «КазАрт» қазақстандық көркемсурет комбинаты» ЖШС мердігер компаниясы орындады. Ескерткіш – шойын прекурсорының дәл көшірмесі.

– Мен өзім Қарағандыда дүниеге келдім және бұл ескерткіштің қала мен облыс үшін қандай тарихи құндылығы бар екенін білемін, сондықтан біз жұмысқа ерекше ықыласпен қарадық. Ескерткіштің жалпы салмағы екі тоннаға жуық. Сондай-ақ, тұғырдағы плиталарды ауыстырдық, –  деді «КазАрт» қазақстандық көркемөнер комбинаты» ЖШС Бас директоры Сапар Шаймерденов.

Нүркен Әбдіровтың ескі шойын ескерткіші қалпына келтіріледі. Оны Қарағанды мұражайларының бірінің қорына тапсырады.

– Шойын ескерткіш 1958 жылы орнатылды. Осы жылдар ішінде ол ауа-райынан қатты зардап шекті, көптеген жарықтар пайда болды. Бізге оны қалпына келтіру мүмкіндігі берілген кезде, біз ең алдымен Суретшілер одағы арқылы оның авторларының бірі – Германияда тұратын Юрий Гуммельмен байланысқа шықтық. Ол қалпына келтіруге рұқсат берді, – деді тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы директорының орынбасары Жанболат Мәжитов.

Монументтің жалпы биіктігі – 9 метр. 1982 жылы ол Республикалық маңызы бар Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілді.