Бір аптада 3 мыңнан аса қылмыс жасалды

Елімізде бір апта ішінде 3 127 қылмыс жасалды. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бір апта ішінде 3 127 қылмыс жасалды. Оның 2 018-і тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 9 кісі өлтіруді, 2 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 1 қарақшылық, 42 тонау және 460 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты», - деді Шұғыла Тұрлыбек министрліктің апталық брифингінде.

Сонымен қатар ол адам саудасының алдын алу және еңбекке заңсыз тартылғандарды анықтау бойынша пилоттық жобаның аралық қорытындылары шығарылғанын айтты.

«Жоба аясында Қарағанды, Түркістан және Маңғыстау облыстарында полиция мен прокуратура қызметкерлері, мемлекеттік еңбек инспекторлары және үкіметтік емес ұйым мамандарынан тұратын мобильді топтар жұмыс істейді. Шалғай аудандар мен ауылдардың тұрғындарымен кездесу барысында мамандар адам саудасы мәселесі мен оның белгілеріне тоқталды. Сондай-ақ мұндай жағдайға қалай түспеу керектігін және шұғыл түрде қайда жүгіну керектігі түсіндірді», - деді ол.