Айналымда латын әліпбиімен жазылған теңгелер пайда болды

ҚР ҰБ дизайны өзгертілген 1, 2, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік монеталарды айналымға шығарды, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметінен.

Монеталардың дизайнын ҚР Президенті Қ. Тоқаев мақұлдады.

«Мемлекеттік тілдегі «ҚАЗАҚСТАН» деген сөз латын графикасының негізіндегі әліпби пайдаланыла отырып «QAZAQSTAN» деп орындалды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы теңге монеталары дизайнының міндетті элементі болып табылатындықтан, Ұлттық Банк 2019 жылғы үлгідегі дизайны өзгертілген айналыстағы монеталарды айналысқа шығару туралы шешім қабылдады», – делінген ҰБ хабарламасында.

Сондай-ақ монеталарда шығарған елді білдіретін «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY» деген жазу бар. Айналыстағы монеталардың бет жағында (аверсінде) монеталар номиналының цифрлық бейнеленуі, сондай-ақ ұлттық валютаның «TEŃGE» деген атауы мен шығарған банк атауының қысқартылған белгісі «QUB» (Qazaqstan Ulttyq Banki) бар мәтіндік жазулар орналасқан.

Монеталардың техникалық және заттай өлшемдері: массасы, диаметрі, қалыңдығы, металл құймасы өзгеріссіз сақталған.

Ескі және жаңа үлгідегі айналыстағы монеталар заңды төлем құралы болып табылады және барлық төлем түрлері бойынша қабылдануға міндетті.

Үстіге қарай