Қарағанды облысында өңірдегі екінші күн электр станциясы іске қосылды

Қарағанды облысында өңірдегі екінші күн электр станциясы іске қосылды. Ол Балқаш маңындағы Гүлшат кентіндегі шетелдік инвестицияларға салынған.

– Бүгін біздің облыс үшін маңызды күн. Біз екінші ірі күн электр станциясын іске қосамыз. Алдымызға үлкен бір мақсат қойып отырмыз – Елбасының тапсырмасы бойынша Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30%-ға жеткізу. Біз оған сенімді түрде қадам басып келеміз, – деді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов нысанды іске қосу рәсімінде. – Биылғы жылдың қаңтар айында Саран қаласында қуаты 100 МВт болатын алғашқы электр станциясы іске қосылды. Бұл Орталық Азиядағы ең ірі күн станцияларының бірі. Қазір біз «Гүлшат» КЭС-ын ашудамыз. Маусым айында тағы бір станцияны Шет ауданында іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Гүлшатта күн станциясы бір жылдан аз уақытта салынып болды. 104 гектар жерге 120 мыңнан астам күн панелі орналасқан. Қуаты 40 МВт құрайтын станция Балқаш сияқты 5 қаланы энергиямен қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Жыл сайын ол 58 млн кВ/сағ астам электр энергиясын өндіретін болады.

ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов атап өткендей, Қарағанды облысы бүгінде баламалы энергетиканы дамытуда еліміз бойынша көшбасшы болып табылады. Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін өндіру көлемінің жартысы Қарағанды өңіріне тиесілі.
Станция құрылысы мен жабдықтарына 46 млн АҚШ доллары жұмсалды. Бұл – шетелдік инвестициялар. Құрылыс кезінде нысанға 300 адам жұмысқа алынды. Станцияда 20 маман қызмет көрсететін болады.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Үстіге қарай