Зеленский: Ресей шекарадағы өз бақылауына алған аумақты қайтаруы тиіс

Украинадағы президент сайлауында жеңіске жеткен Владимир Зеленский 2 мамырда мәлімдеме жасап, Ресейді Украинаның шекаралас аудандарында басып алған жерлерді қайтаруға шақырды.

Украина мен Ресей арасындағы жағдай туралы ұзақ ойланғанын жеткізген саясаткер Қырым аннексиясы мен Донбастағы жағдайдан кейін екі ел арасында ортақ шекара ғана қалғанын атап өткен. Зеленский Ресей өз бақылауына алған Украина жағындағы әрбір милиметр жерді қайтаруы тиіс деген.

«Тек сол кезде ғана біз өзара ұқсастықты іздей бастаймыз» деді Зеленский.

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Ресей мен Украина халқының ортақ тұстары көп екенін, тіпті украиналықтарға жеңілдетілген тәртіппен азаматтық беру мәселесін қарастырып жатқанын айтқан.

Зеленский «мұнай өнімдерін экспорттауға тыйым салу, жаулап алынған аумақ тұрғындарына төлқұжат беру бойынша пункт ашу, украиндарды қамауда ұстау екі ел арасындағы жағдайды реттеуге» көмектеспейді, оларды «бауырлас мемлекеттер» деп айту қиын деген.

Ресей 2014 жылы наурызда Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап алып, сәуірде Донецк мен Луганск облыстарында ресейшіл сепаратистер мен Украина әскері арасында соғыс басталған. Қақтығыстардан 10 мыңнан астам адам қаза тапқан. Киев Мәскеуді ресейшіл сепаратистерді қолдап отыр деп айыптайды. Мәскеу оны жоққа шығарады. 2015 жылы ақпанда Минскіде қақтығысты тоқтату жөнінде келісім жасалғанымен, құжат шарттары әлі күнге толық орындалмай келеді.

azattyq

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Үстіге қарай